Тақырыбы"Ұстазым, ұлағатым,үлгі-өнегем"
Тақырыбы: Ұстазым- ұлағатым, үлгі-өнегем
Мақсаты:Әр баланың екінші анасындай көретін ұлағатты ұстаздардың ерен еңбектерін бағалау, құрметтеу. Оқушылардың өлең шумақтары арқылы ой-өрістерін дамыту, ұстаздарына деген құрметін сезіндіру.
Күтілетін нәтиже:Ұлағатты ұстаздар еңбегін бағалай біледі. Өлең шумақтары арқылы ұстазға деген сезімдері оянады.
Көрнекілігі: Сахналық безендіру жабдықтары, бейнежазба, презентация, гүлдер.
Жүрісі: 1. Ұйымдастыру барысы
2. Кіріспе сөз
Ұстаз... Қандай қасиетті сөз!
Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі-Ұстаз.
Ұстаз деген сөз қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер «Ана тәрбиесін көрген»деген сөздермен ұштасып жатады. Ұрпақ тәрбиесі- ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.
Армысыздар, ардақты ұстаздар! Төл мерекелеріңіз құтты болсын! «Ұстазым-ұлағатым, үлгі-өнегем» атты ашық тәрбие сағаты сіздерге арналады.
1-жүргізуші:
Ұстаз деген-жарқын күні ғаламның,
Ұстаз деген- анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың
Ұстазыңды түсінген сен тереңнен,
Бүкіл әлемге еңбегімен еленген.
Сенің бағың өрге қарай өрлесе,
Ол да бірге қуанышқа кенелген.
2-жүргізуші:
Сол арқылы сен де өмірді жалғадың,
Ізгі іс қой, ұстаз тілін алғаның.
Мақтау алсаң ұстаздардың алдында,
Ол өзіңнің орындалған арманың.
Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрер кім бар жанды ұғып.
Ұстаз деген- ұлылылардың ұлысы.
Қасиетіне бас иелік мәңгілік!
Хор: «Ұстазым менің»
1-жүргізуші:
Күллі өмірін жеткіншекке арнаған,
Мұғалімді ардақтайды барша жан.
Ол мектептен шықпаса да қыс- жазы,
Жемісі оның жердің жүзін шарлаған,
Бала десе ойламайды өз қамын,
Көрсем дейді күнге де қол созғанын.
Бала десе қалайды ол әрқашан,
Шәкірттердің өзінен де озғанын.
2-жүргізуші:
Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар!
1-оқушы:
Ұстаздың оттай ыстық алақаны,
Болған соң ойлайтыны бала қамы.
Шәкірттен ұстазыма мың сан алғыс ,
Өйткені ол ұстазымның ақ арманы!
2-оқушы:
Ең аяулы есім ғой "Ұстаз” деген,
Бар тіршілік бақытты ұстазбенен.
Ұстазды жеткізгенше мұратына,
Білім іздеп лапылдап жана берем.
3-оқушы:
Мектеп, сенсің адалдықты үйреткен,
Мектеп, сенсің жамандықтан жиренткен.
Мектеп, сенсің жақсылықты ұран ғып,
Мектеп, сенсің мені жұртқа сыйлы еткен.
4-оқушы:
Мектеп деген-білім кені, жыр кені,
Мектеп деген- ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген тәрбиеші адамға,
Мектеп деген- даналардың мекені
5-оқушы:
О,Ұстаз! Киелі ана, ардақты ана,
Өмірде саған теңеу табылған ба?
Бауыр етің мен болып бір өзіңнен,
Іздеймін әрқашанда сенен пана.
6-оқушы:
Тербетесің ізгіліктің бесігін,
”Ұстаз” деген ардақты ғой есімің.
"Білім” деген таңғажайып әлемнің,
Кілтін беріп, аштың дүние есігін!
7-оқушы:
Мектеп- кеме, білім-теңіз,
Барар жерге тез жетеміз.
Адаспаймыз ұлы жолда,
Білім кілті біздің қолда.
8-оқушы:
Қадірлі мектеп- бұл мектеп,
Оқыған ата-анамыз.
Атыңды сенің құрметтеп,
Әрқашан еске аламыз.
Ұстаздарға мың алғыс!
9-оқушы:
Үйреткені- адалдық,
Ұсынғаны- адамдық.
Текті мінез даналық.
Бар ұстазға тілейміз:
Бақыт, табыс, амандық
10-оқушы:
Ұстаздар- ұлттың тірегі,
Ұстаздар- мектеп жүрегі.
Ұрпаққа жетер ұстазбен,
Халықтың ұлы тілегі.
11-оқушы:
Ұстаз мейірі –АНА мейіріне пара-пар,
Тұла бойға қуат болып таралар.
Көп жасаңдар, бұл өмірде шуақ боп,
Айналайын, білім берген ұстаздар!
12-оқушы:
Құшақтарың толсын гүлге, желекке,
Отбасында болсын ырыс, береке.
Құттықтаймыз шын жүректен сіздерді,
Өмір-думан, бақ әкелсін мереке!
Ұстаздар қауымына гүл шоқтарын тапсыру рәсімі.
Қорытынды:
Ұстаз ақыл-ойы мен күш- қуатын балаларға арнап, жан аямай еңбек етеді. .Өйткені, ол оның көкірек көзін ашып, дүниетанымын кеңейтіп, қияға қанат қақтырады. Сондықтан, болар кейбір дарынды ойшылдар да, тіпті арман қуған балалар да ұстазды ерекше пір тұтып, қадірлейді. Сондықтан ұстазды қадірлейік, ренжітпейік деген қорытынды жасай келе ,
Осымен 10 сынып оқушылары дайындаған «Ұстазым-ұлағатым, үлгі-өнегем» атты ашық тәрбие сағатын аяқтаймыз.
Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!